Нұсқаулық
Құрамы
Бір таблетканың құрамында
белсенді заттар: 0,03 мг этинилэстрадиол, 0,150 мг дезогестрел,
қосымша заттар: all-rac-α-токоферол, магний стеараты, сусыз коллоидты кремнийдің қостотығы, стеарин қышқылы, повидон К-30, картоп крахмалы, лактоза моногидраты,
үлбірлі қабығының құрамы: пропиленгликоль, макрогол 6000, гипромеллоза.
Қолданылуы
Пероральді контрацепция үшін.
Регулон препаратын тағайындар алдында әйелдегі, әсіресе, венаның тромбоэмболиялық асқынуларына (ВТЭ) қатысты жекелей қауіп факторларына баға беру, сондай-ақ, Регулон препаратын қабылдаудағы ВТЭ қаупін біріктірілген басқа гормональді контрацептивтерді (БГК) қабылдау кезіндегі қауіппен салыстыру керек.
Қарсы көрсетілімдер
Біріктірілген гормональді контрацептивтерді (БГК) төменде атап келтірілген жағдайлар бар кезде қолдануға болмайды. БГК қолдану аясында аталған аурулардың кез келгені алғаш рет туындаған жағдайда, препаратты қабылдауды дереу тоқтату керек.
- Вена тромбоэмболиясының (ВТЭ) болуы немесе туындау қаупі:
- Вена тромбоэмболиясы (ВТЭ) – қазіргі кезде (антикоагулянттармен емдеу аясында) немесе анамнезде (мысалы, терең веналар тромбозы [ТГВ] немесе өкпе артериясының тромбоэмболиясы [ӨАТЭ]) вена тромбоэмболиясының болуы.
- Вена тромбоэмболиясына анықталған тұқым қуалайтын немесе жүре пайда болған бейімділік, мысалы, белсендірілген С протеиніне (Лейденнің V факторын қоса) резистенттілік, антитромбин III жеткіліксіздігі, протеин С немесе протеин S жеткіліксіздігі.
- Ұзақ уақыт иммобилизациялаумен жүргізілетін ауқымды операциялық араласымдар.
- Көптеген қауіп факторларына байланысты венаның тромбоэмболиялық асқынулары қаупінің жоғарылауы.
- Артерия тромбоэмболиясының (АТЭ) болуы немесе туындау қаупі:
- Артерия тромбоэмболиясы – қазіргі кезде немесе анамнезде артерия тромбоэмболиясының (мысалы, миокард инфаркті) немесе соған жол ашатын жағдайлардың (мысалы, стенокардия) болуы.
- Ми қанайналымының бұзылуы – қазіргі кезде немесе анамнезде инсульттің, немесе соған жол ашатын жағдайлардың (мысалы, транзиторлық ишемиялық шабуыл, ТИШ) болуы.
- Артерия тромбоэмболиясына анықталған тұқым қуалайтын немесе жүре пайда болған бейімділік, мысалы, гипергомоцистеинемия және фосфолипидтерге антиденелер (антикардиолипиндік антиденелер, жегілік антикоагулянт).
- Анамнезде ошақтық неврологиялық симптоматикасымен жүретін бас сақинасының болуы.
- Көптеген қауіп факторларына байланысты артерия тромбоэмболиясының даму қаупінің жоғарылауы немесе төменде аталғандардың ішінен бір ауыр қауіп факторының болуы:
- диабеттік ангиопатиямен жүретін қант диабеті
- ауыр артериялық гипертензия;
- ауыр дислипопротеинемия.
- Қазіргі кездегі немесе анамнездегі, айқын гипертриглицеридемиямен қатар жүретін панкреатит.
- Бауыр функциясының ауыр дәрежедегі бұзылуы (бауырдың жедел жеткіліксіздігінің дамуымен), соның ішінде анамнездегісі.
- Анамнезде немесе қазіргі кезде бауыр ісіктерінің (қатерсіз немесе қатерлі) болуы.
- Гормонға тәуелді қатерлі жаңа түзілімдер, соның ішінде, оларға күдіктенгенде (мысалы, жыныс мүшелерінің немесе сүт бездерінің).
- Эндометрий гиперплазиясы.
- Жыныс жолдарынан этиологиясы белгісіз қан кету.
- Менархе басталғанға дейінгі кезең.
- Жүктілік, соның ішінде жүктілікке күдіктенгенде, емшек емізу кезеңі.
- Постменопауза.
- Лактаза тапшылығы, лактоза жақпаушылығы, галактоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы синдромы.
- Әсер етуші заттарына немесе «Дәрілік препараттың құрамы» бөлімінде көрсетілген қосымша заттардың қандай-да біреуіне аса жоғары сезімталдық.
Регулон препаратын құрамында омбитасвир / паритапревир / ритонавир және дасабувир бар дәрілік препараттармен бір мезгілде қолдануға болмайды.
Дозасы
Алғашқы таблеткасын етеккірдің алғашқы күні қабылдау керек, содан соң 21 күн бойына үзіліссіз, күніне бір таблеткадан, дұрысы күннің белгілі бір уақытында қабылдайды. Содан кейін таблеткаларды қабылдауда 7 күндік үзіліс жасалады, ол кезде «тоқтату» қан кетуі байқалады. 7 күндік үзілістен кейінгі келесі күні (алғашқы таблеткасын қабылдағаннан кейін төрт аптадан соң, аптаның тура сол күнінде) егер тіпті қан кету тыйылмаса да, ішінде 21 таблеткасы бар келесі қаптамадағы препаратты қабылдау басталады. Таблеткаларды қабылдаудың мұндай кестесі контрацепция қажеттілігі бар кезең бойына ұстанылады. Қабылдау ережелері сақталған жағдайда, контрацепциялық әсері 7 күндік үзіліс кезінде де сақталады.
Регулон препаратын қабылдауды қалай бастау керек
Егер соңғы ай ішінде гормональді контрацептивтер қолданылмаса.
Таблеткаларды қабылдау етеккір оралымының 1 күні (яғни, етеккірлік қан кетудің бірінші күні) басталуы тиіс. Бұл жағдайда контрацепцияның қосымша әдістерін пайдалану қажет емес. Препаратты қабылдауды оралымның 2‒5 күндері бастауға болады, бірақ бұл жағдайда алғашқы оралымдағы таблеткаларды қабылдаудың алғашқы 7 күні бойына контрацепцияның қосымша (бөгеттік) әдісін пайдалану керек.
Егер етеккір басталғаннан кейін 5 күннен артық уақыт өтіп кетсе, Регулон препаратын қабылдауды бастауды келесі етеккір басталғанға дейін кейінге шегеру керек.
Біріктірілген гормональді контрацептивтерден (біріктірілген пероральді контрацептивтен (БОК), қынап сақинасынан немесе трансдермальді бұласырдан) ауысу
Регулон препаратын қабылдауды бұрын қабылданып жүрген БОК соңғы белсенді таблеткасын қабылдағаннан кейін келесі күні (құрамында белсенді заттар бар соңғы таблетка), бірақ бұрын қабылданып жүрген БОК таблеткаларын қабылдаудағы әдеттегі үзіліс аяқталғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей немесе құрамында гормондар жоқ соңғы таблетканы қабылдағаннан кейін келесі күні бастау керек. Қынап сақинасы немесе трансдермальді бұласыр қолданылған жағдайда, Регулон препаратын қабылдауды олардың алып тастаған күні, бірақ, жаңа сақина енгізілуі немесе келесі бұласыр жабыстырылуы тиіс күннен кешіктірмей бастау керек. Осының алдындағы контрацепция әдісі тиісінше қолданылған жағдайда, сондай-ақ, жүктілік жоқ екендігі расталған жағдайда, контрацепция әдісін өзгертуді оралымның кез келген күні жүргізуге болады.
Ешбір жағдайда алдыңғы әдістің ұсынылған гормонсыз аралығын ұзартпау керек.
Құрамында тек прогестаген бар препараттардан («мини-пили», инъекциялар, имплантат), немесе прогестаген бөліп шығаратын жатырішілік жүйеден (ЖІЖ) ауысу
«Мини-пили» қабылдап жүрген әйел, Регулон препаратын қабылдауға кез келген күні; имплантат немес ЖІЖ қолданып жүрген әйел – оларды алып тастаған күні инъекция түріндегі; препаратты қолданып жүрген әйел – келесі инъекциясы жасалуы тиіс күні көшуіне болады. Барлық жағдайларда Регулон препаратын қабылдаудың алғашқы 7 күні бойына контрацепцияның қосымша бөгеттік әдістерін пайдалану керек.
Жүктілікті бірінші триместрде тоқтатудан кейін
Әйел препаратты қабылдауды дереу бастауына болады. Бұл жағдайда контрацепцияның қандай-да бір қосымша әдістерін пайдалану қажет емес.
Босанғаннан кейін немесе жүктілікті екінші триместрде тоқтатудан кейін
Емшек емізбейтін немесе емшек емізуді тоқтатқан жағдайда, босанғаннан немесе жүктіліктің екінші триместрінен кейін препаратты қабылдауды 21‒28 күннен ерте бастамау керек. Бұл жағдайда контрацепцияның қосымша әдістерін қолдану қажет емес.
Препаратты қабылдауды кешірек мерзімдерде бастаған жағдайда, Регулон препаратын қабылдаудың алғашқы 7 күні бойына қосымша, контрацепцияның бөгеттік әдістерін пайдалану керек. Кез келген жағдайда, егер әйел босанғаннан немесе аборттан кейін БОК қабылдау басталғанша жыныстық қатынаста болса, онда препаратты қабылдауды бастағанға дейін жүктіліктің бар-жоқтығын анықтап алуы немесе алғашқы етеккірін күтуі керек.
Ескертпе: Емшек емізетін әйелдер БОК қабылдамауы керек, өйткені оларды қолдану емшек сүтінің мөлшерін азайтуы мүмкін.
Асқазан-ішек бұзылыстары жағдайында
Асқазан-ішектің ауыр бұзылыстары жағдайында, толық сіңірілмеуі мүмкін, сондықтан контрацепцияның қосымша шараларын қолдану керек. Егер құсу препаратты қабылдағаннан кейін 3‒4 сағат ішінде туындаса, препараттың кезекті қабылдануын жіберіп алуға қатысты нұсқауларды пайдалану керек. Егер әйел өзінің үйреншікті қабылдау кестесін өзгерткісі келмесе, онда ол басқа қаптамадан қосымша таблетканы (немесе таблеткаларды) қабылдауы тиіс.
Етеккір қан кетуінің басталуын қалай кейінге шегеруге болады
Етеккір тәрізді қан кетудің басталуын кейінге шегеру бұл препараттың қолданылу көрсетілімі болып табылмайды. Жекелеген жағдайларда, етеккір тәрізді қан кетуді кейінге шегеру үшін, қабылдаудағы әдеттегі үзіліссіз, Регулон препаратының басқа қаптамасындағы таблеткаларды қабылдауды жалғастыра беру керек. Етеккір тәрізді қан кетуді екінші қаптамадағы таблеткалар таусылғанға дейінгі кез келген мерзімге кейінге шегеруге болады. Бұл кезеңде әйелде «жұғынды» қан аралас бөліністер немесе «лақылдап» қан кету туынлауы мүмкін. Препаратты әдеттегі кестесі бойынша қабылдауды қабылдаудағы 7 күндік үзілістен кейін қайта бастау керек.
Етеккір тәрізді қан кетудің басталатын күнін басқа күнге жылжыту үшін, таблеткаларды қабылдаудағы әдеттегі үзілісті қажетінше қысқартуға олады. Үзіліс неғұрлым қысқа болса, екінші қаптамадағы таблеткаларды қабылдау кезінде етеккір тәрізді қан кетудің болмауының және «лақылдап» қан кетулердің немесе қан аралас бөліністердің туындауының (етеккір тәрізді қан кетудің басталуын кейінге шегеру кезіндегі «жұғынды» бөліністер сияқты) қаупі соғұрлым жоғары.
Енгізу әдісі және жолы
Ішке қабылдауға арналған.
Тауардың суреті мен сипаттамасы басқа болуы мүмкін. Мысалы: елі, өндірушісі, құрамы, қолданылу көрсеткіштері, қарсы көрсетілімдері және дозасы өзгеше болуы мүмкін.
Тауардың суреті мен сипаттамасын тапсырыс рәсімделгеннен кейін APPTEKA қызметіне хабарласу арқылы нақтылауға болады.